«Астана» бапкері: Командаға сырттан қысым көп болды
«Астана» футбол клубының бас бапкері Григорий Бабаян осы маусымның қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
— Маусымның соңғы матчы, қиын болатынын білдік. Чемпионаттағы ең мықты екі команда кездесті. Ойын туралы айтар болсам: біз гол жібергенге дейін «Қайраттың» айқын сәттері болған жоқ. Біз жылдам гол соқтық, одан кейін біраз тактикамызды өзгерттік. Өйткені «Қайрат» қысым жасап, белсендірек ойнай бастады. Гол жіберген тұста Дастан Сәтпаевтың жылдамдығы шешуші рөл атқарды. Одан кейін біз бірден алға ұмтылып, бірақ тағы екі қарымта шабуыл өткізіп алдық. Соңында ойынды өзгертуге тырыстық. Мүмкіндіктеріміз болды. Өкінішке қарай, соңғы шабуылда доп бағанға тиді де, чемпиондықтан айырылдық, — деді ол.
Бапкер команда маусым нәтижесіне қатты қапаланғанын, бірақ жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтатынын атап өтті. Сондай-ақ ол алдағы уақытта футболға осындай қызығушылық еліміздің әр қаласында боларына үміт білдірді.
Григорий Бабаянның айтуынша, кейінгі апталарда командаға қысым көрсетілді. «Ақтөбені» 5:3 есебімен жеңгеннен кейін әлеуметтік желілерде «Астанаға» қарсы хейт басталған.
— «Астанаға» қарсы қатты хейт болды. Барлық жағынан қысым жасалды. «Ойынды сатып жіберді», «қақпашылар кінәлі» деген сияқты неше түрлі пікірлер жазылды. Кей адамдар мұны БАҚ-та таратып, жұртты шатастырды. Былтыр «Ақтөбемен» ойнағанда дәл осылай болған. Биыл «Ақтөбені» жеңіп, бірінші орынға шыққан соң, қайтадан хейт басталды, қысым күшейді. Бірден қоғам пікірін бұрмалайтын жарияланымдар пайда болды… Бір паблик біз 5 гол соқсақ, «келісілген матч» дейді. Ал «Қайратқа» бес гол соқса — «қақпашыға көлік сыйлады» дейді. Әрине, бұл — фантастика. Клуб пен жігіттер мұның бәрін түсінді, хейт пен қысым бар екенін білді. Бірақ мұндай жағдайда қарсы тұра білу керек, — деді Бабаян.
Жоао Пауло «Қайрат» сапынан кетті
«Қайрат» алтын матчта тең түсіп, чемпиондықты ресми рәсімдеді