Мэйсон Гринвуд «Барселонаның» назарында
«Барселона» «Марсельдің» шабуылшысы Мэйсон Гринвудты өз сапына қосуы мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz.
Каталондық клубтың скауттары Франция чемпионатының 8-турында өткен «Гаврмен» ойында (6:2) ағылшын футболшысын бақылаған. Сол кездесуде Гринвуд төрт гол соғып, көзге түсті. Бұл туралы The Sun басылымы хабарлады.
Дереккөздің мәліметінше, «Барселона» өкілдері 24 жастағы ойыншының өнеріне ерекше әсерленген. Клуб Гринвудты бұған дейін, 2023 жылы, ол «Манчестер Юнайтедтен» «Хетафеге» жалға ауысқан кезде-ақ бақылауға алған.
Биылғы маусымда ағылшын шабуылшысы барлық турнирлерде 12 матчқа қатысып, сегіз гол соғып, төрт нәтижелі пас берген. Оның клубпен келісімшарты 2029 жылдың жазына дейін күшінде. Transfermarkt порталының дерегінше, ойыншының нарықтық бағасы — 40 миллион еуро.