Данил Третьяков: Азиададағы алтын - осындай деңгейдегі біздің алғашқы жетістігіміз

Данил Третьяков: Азиададағы алтын - осындай деңгейдегі біздің алғашқы жетістігіміз


Қазақстан құрамасы тас жолдағы велоспорттан 23 қазанда Манамада (Бахрейн) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында ел қоржынына алғашқы алтын медаль салды. Бұл жетістікке Данил Третьяков үлкен үлес қосты. Ол жасөспірімдер Азиадасында тағы екі жарысқа қатысады.

"Эстафеталық жарыс оңай болған жоқ. Ауа райы ыңғайсыз болды. Оның үстіне жел тұрды. Кейде қарсы беттен, кейде бүйірден соқты. Бір бағытта жел ыңғайына соқса, ал кері қайтқанда қарсы беттен және бүйірден соғып, көбірек күш салуға тура келді.

Бірақ команда дайын болды. Біз оқу-жаттығу жиындарында осындай ауа райында жаттыққан едік. Сондықтан біртіндеп бой үйреттік.

Қарсыластардың мықты боларын біліп, оған алдын ала дайындалдық. Сондықтан күтпеген жағдай болған жоқ. Бәрі жоспарлағандай өтті.

Қыздар өз кезеңіне шыққанда аздап қобалжыдық, өйткені алғашқы айналымнан кейін артта келе жаттық. Ал біздің спортта бәрі күтпеген жерден өзгеруі мүмкін. Бірақ біз соңына дейін сеніп, жақсы нәтиже күткен едік.

Жарыс алдында бапкерлермен бірге әр кезеңнің жоспарын егжей-тегжейлі талдадық. Ешқандай асығыстық болған жоқ. Бәрі жоспар бойынша өтті. Команда бірігіп, өте үйлесімді әрекет етті.

Өзімнің де, құраманың да көрсеткен нәтижесіне көңілім толады. Бапкерлер мен командаластарыма алғыс білдіремін. Бұл нәтиже - спортшылардың, бапкерлердің және қолдау көрсеткен мамандардың ортақ жетістігі.

Бұл - біздің алғашқы халықаралық жарысымыз және осындай деңгейдегі алғашқы алтын медаліміз.

Енді 27 қазанда жекелей сайыс күтіп тұр. Онда еліміздің намысын жалғыз өзім қорғаймын. Қазір дайындық үстіндемін. Жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Ал 29 қазанда 100 шақырым қашықтықта командалық жарыс өтеді. Онда да жүлде үшін күресеміз", - деді Третьяков.


Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или