Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы анықталды
Қазақстандық WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтанов шәкіртінің алдағы чемпиондық жекпе-жегіне қатысты егжей-тегжейлі ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz.
– Ресми жарияланымды сіздердің асыға күтіп отырғандарыңызды білеміз. Айтқандай, кейде мерекенің өзі емес, оны күтудің сәті қызығырақ болады. Қазір дайындық кезеңінде ерекше жайттар орын алуда: барлық құжаттарға қол қойылды, өткен аптада антидопинг комитетімен шарттар келісілді. Мұндай жекпе-жек бұрын болмағандықтан, алғаш рет арнайы құжаттарды рәсімдеуге тура келді. Барлық тараптар – промоутерлер де, спортшылар да – ортақ келісімге келді. Келесі аптада бәрі ресми түрде жарияланады деп ойлаймын. Біз тарих жасап жатырмыз, – деді Сұлтанов Instagram желісінде.
Айта кетейік, шетелдік басылымдардың хабарлауынша, Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласы WBA чемпионы, 42 жастағы кубалық Эрисланди Лара болуы мүмкін.