Маргарита Косинова: Бәрі мәре сызығында шешілді
25 қазанда Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында жеңіл атлет Маргарита Косинова күміс жүлдеге ие болды.
Спортшының айтуынша, финалдық сында бәрі мәреге таяғанда шешілген.
"Көңіл-күйім жақсы. Бастысы - уақытты жақсартуға тырыстым. Егер нәтижем жоғары болса, медальға қол жеткізе алатынымды білдім. Мәреге дейін бар күшімді салдым, өйткені барлығымыз шамамен бір сәтте бастадық. Қашықтықта ешкім осал емес. Сондықтан бәрі мәре сызығында шешілді.
Жалпы өз өнеріме көңілім толады, бәрі жоспарлағандай өтті. Үздік үштікке кіруді мақсат еткен едім, соны орындадым. Қыздардың бәрі мықты дайындықпен келген, жарыс өте тартысты өтті. Сол себепті күтпеген жағдай болған жоқ. Жаттықтырушылар да, өзім де нәтижеге көңіліміз толады.
Алда эстафета бар, сондықтан демалуға әлі ерте", - деді Косинова.
Айта кетейік, Маргарита Косинова 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде екінші нәтиже көрсетіп, күміс медаль жеңіп алған болатын.