«Қайрат» – «Астана» матчына болжам жасалды
2026 жылғы маусымның соңғы, 26-туры 26 қазанда өтеді. Онда алматылық «Қайрат» өз алаңында чемпиондық атақ үшін «Астанамен» кездеседі.
Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында танымал қазақстандық футбол маманы Константин Горовенко алдағы ойын туралы пікір бөлісті.
– Бұл нағыз қызу матч болайын деп тұр – үлкен шайқас күтіп тұр. Екі команда да шешуші кездесуге бірдей деңгейде келді. Меніңше, мүмкіндік «50 де 50». «Астана» жақсы ойын көрсетіп, «Ақтөбені» сенімді жеңді. Қазақстан құрамасында ойнаған Сейсен мен Вороговский аздап тынығып, күш жинады. Команда ұзақ дайындық циклынан өтіп, бұл матчқа жақсылап әзірленді.
«Қайрат» соңғы уақытта жиі ойнап жүр. Петропавлда үш ұпай еншілеп, одан кейін өз алаңында Чемпиондар лигасында «Пафоспен» кездесті. Сол ойында командаға эмоция мен шабыт, шешуші сәтте шеберлік жетпей қалған шығар. Дегенмен, қалпына келуге уақыт жеткілікті болды. Жалпы физиологиялық тұрғыдан төрт-бес күндік үзіліспен ойнау – апта сайынғы циклдан да тиімді. Сондықтан «Қайрат» та толық дайын болады.
Екі команда да бар күшін салады, соңына дейін күресіп, жанын беріп ойнайды. Мұндай ойында бәрін бір ғана гол шешіп кетуі мүмкін.
Командалардың деңгейі мен шеберлігі шамалас, бірақ «Қайраттың» аздаған басымдығы бар. Біріншіден, бұл матч Алматыда өтеді, ал стадионның лық толатынына сенімдімін – қала тұрғындары сүйікті клубын қолдауға келеді. Есепте де «Қайрат» «Астанадан» екі ұпай алда.
Матчқа деген стратегия әртүрлі болуы мүмкін. «Астанаға» міндетті түрде жеңіс керек. Қонақтар қандай тәсілді таңдайды – бірден алға ұмтыла ма, әлде біртіндеп басымдық алғысы келе ме, қызық болады. Ал «Қайрат» ше? Бірінші нөмірмен ойнай ма, әлде қарсыластың әрекетіне қарай икемделе ме?.. Белгілісі – алматылықтар ауысу фазаларында және жылдам шабуылдарда өте мықты. Егер астаналықтар позициялық ойынға көшіп, сәл ашылып кетсе, «Қайраттың» жылдам ойыншылары мұны пайдалана алады.
Ойын әртүрлі сценариймен өрбуі мүмкін, сондықтан болжам жасамай-ақ, сапалы, қызықты және ымырасыз футбол тамашалайық. Футболшылардың ақылды шешімдерінен, ойынның өзінен ләззат алайық.
Біз, мамандар, бапкерлердің шешімдерін, тактикалық әрекеттерін, алмастыруларын бақылап отырамыз. Ал жанкүйерлерге тамаша әсер мен эмоция тілеймін. Мықтысы жеңсін, – деді маман өз сөзін қорытындылап.
Қазақстан құрамасы Әзербайжаннан жеңіліп қалды
Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған командалар белгілі болды