Елена Рыбакина WTA қорытынды турниріне қатарынан үш рет жолдама алған Азиядағы екінші спортшы атанды
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2003 жылдан бері топтық формат қайта енгізілгеннен кейін WTA қорытынды турниріне қатарынан үш рет жолдама алған Азиядағы екінші спортшы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұған дейін мұндай нәтижеге тек қытайлық теннис аңызы Ли На қол жеткізген еді — ол 2011–2013 жылдары үздік сегіздікке тұрақты түрде кіріп отырған.
Енді Рыбакина кезекті маңызды сынаққа дайындалуда. Қазіргі уақытта ол Токиода өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің жартылай финалына шықты. Бұл кезеңде қазақстандық теннисші әлемнің 17-ракеткасы, чехиялық Линда Носковамен кездеседі.
Бұл матч Рыбакина үшін маусымның басты додасы — 1–8 қараша аралығында Эр-Риядта өтетін WTA қорытынды турнирі алдындағы дайындық ретінде болмақ.
Еске сала кетсек, Елена Рыбакина биыл маусым ішінде бірнеше беделді турнирлерде финал мен жартылай финалдарға дейін жетіп, әлемдік рейтингте үздік жетілікке тұрақты түрде еніп келеді.
Қазақстандық теннисші WTA финалдық турниріне жолдама алды