Гандболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бапкері БАӘ-ға қарсы матч туралы ойын айтты

Гандболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Никита Ефимов БАӘ құрамасына қарсы өткен ойынға қорытынды жасады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске салайық, бұл матч Манамада (Бахрейн) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының топтық кезеңі аясында өтті. Никита Ефимовтың шәкірттері тартысты өткен ойында 27:35 есебімен қарсыластарына есе жіберді.
"Біз олардың алғашқы ойынын қарап шықтық. Ол кезде Қытаймен кездесіп, жеңіліп қалған еді. Сол себепті қарқынды ойын болатынын біліп, дайындалдық. Гандбол - жанкешті спорт түрі. Бірақ матч барысында кейбір сәтте спорттан тыс әрекеттер де байқалды. Мен жігіттерге: “батыл ойнаңдар, бірақ ережені бұзбаңдар” деп айттым. Ең бастысы - арттан емес, бетпе-бет, ережеге сай қорғану. Бізге солай ойнау қажет.
Біз оларды алдын ала зерттеп, әсіресе арттан ұстайтынын білдік. Жалпы, ойын өте тартысты өтті. Төрешілер еркін ойнауға мүмкіндік берді, сондықтан шабуылда да, қорғаныста да күрес болды.
Жалпы алғанда, жігіттердің ойынына көңілім толды. Себебі біздің халықаралық деңгейдегі тәжірибеміз әзірге аз. Кейбір балалар мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Былтыр ғана халықаралық турнирлерге шыға бастадық. Алдымен Алматыда өткен жарысқа, кейін Үндістандағы турнирге қатыстық. Онда жас ерекшелігі сәл басқаша еді, бірақ сол құрамдағы бірнеше ойыншы осында да бар. Тәжірибе аз болса да, мінез көрсетіп, қолдан келгенін істеп жүрміз.
Әрине, Азия ойындары - үлкен тәжірибе алаңы. Мен бірден жігіттерге “осы жерден мүмкіндігінше көп нәрсе үйреніңдер, себебі деңгей мүлде басқа” деп айттым. Бізде қыздар мен әйелдер құрамаларының тәжірибесі мол. Олар Азия чемпионы атанып, Азия ойындарының үздік үштігіне енген, тіпті Олимпиадаға жолдама алған. Ал ұлдар мен ерлер арасында ондай деңгей әзірге қалыптасқан жоқ, бірақ жұмыс жүріп жатыр. Спорт мектептерінде, ел чемпионаттарында үздіктерді іріктеп, құрамды жасақтап келеміз.
Жігіттер жан-жақты дамып келеді. Алғашқы ойында сәл жұмсақ ойнадық. Ал екінші матчта, БАӘ құрамасымен өткен кездесуде, кез келген қарсыласпен тең дәрежеде иық тіресе алатынымызды дәлелдедік. Алда әлі үш ойын бар. Мысалы, Иран - осы жас санатындағы Азия чемпионы. Бірақ оларға оңай болмайды, Біз де өз қайсарлығымызды көрсетеміз," - деді маман.
Қазақстандық спортшылар Азия ойындарында жеңіліп қалды
Қазақстан көгалдағы хоккейден Орталық Азия чемпионатының жеңімпазы атанды
Бес дүркін НБА чемпионы «Бостон Селтикспен» келісімшарт жасасты
Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан Азия чемпионатының жартылай финалына өтті