«Қайратта» билет бағасына қатысты пікір білдірді

21 қазанда Алматыда өтетін «Қайрат» пен кипрлік «Пафос» арасындағы Чемпиондар лигасы матчы алдында билет бағасы жанкүйерлер арасында үлкен талқылауға түсті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ең арзан билет 30 мың теңгеден басталып, VIP орындар 250 мың теңгеге дейін жетеді. Мұны көптеген жанкүйерлер шектен тыс қымбат деп бағалады.
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында бас бапкер Рафаэль Уразбахтин мен қорғаушы Еркін Тапалов билет бағасының көрермен санына әсері туралы сұрақтарға жауап берді. «Ертең үлкен ажиотаж болмайтын сияқты. Бұл біздің ойынымызға әсер ете ме? Жоқ, біз кез келген жағдайда жеңіске ойнаймыз. Мақсатымыз — тарих жазу, биыл ЛЧ-де жеңіс сыйлау. Бізді әрдайым қолдайтын шынайы жанкүйерлерге алғыс айтамыз», – деді Тапалов.
Ал Уразбахтин баға саясатына араласпайтынын айтты: «Шынымды айтсам, бұл менің құзыретіме кірмейді. Мен билет пен оның бағасына жауап бермеймін. Бұл сұрақты клуб басшылығына қойған жөн», – деді бапкер.
Осылайша, «Қайрат» өкілдері бағаға қатысты туындаған пікірталасты сабырға шақырып, назарды басты мақсат – Чемпиондар лигасындағы жеңіске аударуға тырысты.