Ломидзе: «Кенжебекке қызығушылық бар, бірақ нақты ұсыныс жоқ»

Қазақстан құрамасы мен «Елимай» командасының көшбасшысы Ғалымжан Кенжебектің өкілі, футбол агенті Мамука Ломидзе ойыншының Ресей Премьер-лигасына ауысатыны жөніндегі ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Боровскийдің қолында ондай ақпарат қайдан болсын?! Иә, қызығушылық танытқан клубтар бар. Кенжебекті бақылап жүр. Бірақ нақты ұсыныс әлі түскен жоқ. Қазақстандағы маусым аяқталған соң ғана келіссөздер жүргіземіз. Ол кезде ұлттық құрама ойындары да болады. Шамамен бір ай көлемінде бәрі айқындалады деп ойлаймын», – деді агент.
Бұған дейін «Спартак» жүйесінде жаттықтырушы болып жұмыс істейтін қарағандылық маман Вадим Боровский 22 жастағы Кенжебектің Ресей Премьер-лигасындағы клубтардың бірімен ауызша келісімі бар екенін айтқан еді.