Алматыдағы веложарысқа 200-ден астам велосипедші қатысты

Алматыдағы веложарысқа 200-ден астам велосипедші қатысты

Велоспорт әуесқойлары мен ардагерлері дәстүрлі Giro d’Almaty-2025 шосселік жарысына жиналды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайты жариялады.

Іс-шараны Алматы қаласы жаттықтырушылар қауымдастығы ұйымдастырды. 

— Алматылықтардан бөлек, жарысқа Астана, Көкшетау және еліміздің басқа да қалаларынан келген спортшылар қатысты. Жарыс маршруты спорт әлемі мен табиғат аясындағы ұмытылмас саяхатқа айналды. Әрбір қатысушы адреналин мен шабыт сезінді, — деді Алматы қалалық спорт федерациясының президенті Бахтияр Мамыров. 

Жарыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші күні, сенбіде қатысушылар Медеу ауданындағы Ядролық физика институтынан бастап биік таудағы «Медеу» мұз айдынында мәреге жетті. Ерлер 63 шақырым, әйелдер 35 шақырым қашықтықты еңсерді.

Жарыстың екінші күнінде спортшылар 9 шақырымды бағындарды. Жеңімпаздар екі күндік нәтиже бойынша анықталды. Жарысқа 18 жастан асқан спортшылар қатысты. 

Жас ерекшелігі бойынша жеңімпаздар:

18-29 жас: Ислам Османов.

30-39 жас: Арсений Никитин және Анастасия Евтушенко.

40-49 жас: Вадим Ежаков және Екатерина Шатная.

50-59 жас: Талғат Әмірбеков және Әсел Сәкенова.

60+: Алексей Абраменко.

Әйелдер арасында кейбір жас санаттарында қатысушылар болмады.

Giro d’Almaty-2025 жарысының абсолютті чемпиондары Анастасия Волчанская мен Евгений Сладков болды. 

Алматылық Анастасия Евтушенко жетістік сырын айтты.

— Мен екінші жыл қатарынан кәсіби жаттықтырушымен бірге Sundaybike әуесқойлар командасында жаттығып келемін. Негізгі ереже — күшті дұрыс бөлу. Бастапқыда тым жылдам емес, біртіндеп қарқын қосу керек. Әр жарыста уақытымды жақсартуға тырысамын, — деді Анастасия Евтушенко. 

Өз жас санатының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алексей Абраменко 67 жаста болса да, салауатты өмір салтын белсенді насихаттап жүр.

— Адамның жасы спортпен айналысуға кедергі емес. Баршаңызды белсенді өмір салтын ұстануға шақырамын. Қозғалыс — бұл өмір, — деді ол.

Көрермендердің назарына 79 жастағы қатысушы Жеңісгүл Оспанова ие болды. Ол бұл сайыс арқылы рухтың мықтылығын және жеңіске деген жігерін көрсетті. Табандылығы мен шабыт бергені үшін оған арнайы сыйлық табыс етілді. Ол «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен марапатталды.

Дереккөз: inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или