Қазақстан – әлемдік бокс рейтингінің үздік жеті өкілі бар ел

World Boxing халықаралық федерациясы тарихтағы алғашқы әлемдік рейтингті жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz legalbet.kz сайтына сілтеме жасап.
Тізімнің алғашқы жолдарын бірден жеті қазақстандық спортшы иеленді. Өз салмақ дәрежелерінде Назым Қызайбай (48 кг дейін), Аида Әбікенова (65 кг дейін), Наталья Богданова (70 кг дейін), Санжар Тәшкенбай (50 кг дейін), ағайынды Махмуд пен Торехан Сабырхандар (тиісінше 55 және 70 кг дейін), сондай-ақ Айбек Оралбай (90 кг-нан жоғары) көш бастады.
Сонымен қатар үздік үштікке Әлуа Балқыбекова (51 кг дейін), Виктория Графеева (60 кг дейін), Елдана Тәліпова (80 кг-нан жоғары) және Нұрбек Оралбай (80 кг дейін) енді.
Рейтинг ұпайлары 2024 жылғы Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты, Әлем кубогы және World Boxing Challenge кезеңдерінің нәтижесіне қарай есептеледі. Бұл қазақстандық боксшылардың жетістігін одан әрі маңызды ете түседі.