Бүгін, 18 қазан күні Астанада өткен ҚХЛ-дың тұрақты чемпионаты аясындағы матчта астаналық «Барыс» өз алаңында қазандық «Ак Барсты» қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бірінші кезең қонақтардың пайдасына аяқталды — 1:2. Есеп 0:2 болғанда Всеволод Логвин Роман Старченконың пасынан кейін есеп айырмасын қысқартты.
Екінші кезеңде командалар гол соға алмады.
Үшінші жиырма минуттықтың басында Кирилл Панюков Әлихан Өмірбеков пен Самат Даниярдың ұйымдастырған шабуылын нәтижелі аяқтап, таразы басын теңестірді — 2:2.
Овертаймда жеңімпаз анықталмады, ал буллиттер сериясында сәттілік «Ак Барс» жағында болды.
Солай бола тұра, «Барыс» қатарынан үшінші ойында ұпай жинап, Шығыс конференциясының турнир кестесінде жетінші орында қалды.