Рыбакина Қытайдағы ірі жарыстың ширек финалына өтті

Қазақстанның бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Елена Рыбакина Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 30-ракеткасы, украиналық Даяна Ястремскаямен ойнады.
Қарсыластар осыған дейін өзара екі рет кездесіп, онда Рыбакина басым түскен еді.
Бұл жолы аса тартысты өткен матчта Елена Рыбакина таразы басын өзіне аудара білді — 6:4, 6:7 (6:8), 6:3.
Екі сағат 51 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 10 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Ястремская 8 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 104-орындағы аустралиялық Айла Томляновичпен таласады.
Бұл доданың Елена Рыбакина үшін маңыздылығы сол, WTA чемпиондық кестесінде үздік сегіздікке кірген теннисшілер жылдың қорытынды турниріне жолдама алады. Қазіргі кезде қазақстандық спортшы чемпиондық кестеде 9-орында тұр.
Осы ретте жолдамадан үміткерлердің бірі, әлемнің 6-ракеткасы, ресейлік Мирра Андреева екінші айналымда күтпеген жерден рейтингіде 219-сатыдағы қытайлық Чжу Линьнан 6:4, 3:6, 2:6 есебімен жеңіліп қалды.
Чемпиондық кестеде Елена Рыбакинаның алдында, 8-сатыда тұрған италиялық Жасмин Паолини ресейлік Вероника Кудерметованы ұтып, ширек финалға шықты.
Жылдың қорытынды турниріне ілігу үшін қазақстандық теннисшінің осы жарыста сәтті өнер көрсетуі аса маңызды.