Қасым-Жомарт Тоқаев WADA президентін қабылдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) президенті Витольд Банькамен кездесу өткізді. Кездесуге сондай-ақ ҚР ҰОК президенті Геннадий Головкин қатысты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Мемлекет басшысы қонақты қарсы ала отырып, спорттағы допингке қарсы жаһандық күрестің негізгі институты саналатын Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің маңызды рөлін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Витольд Баньканың Астанаға сапары Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам саналатынын айтты.
Президент агенттіктің жүйелі түрде тәртіп бұзушылармен күресу және таза спорт қағидаттарын сақтау ісіндегі ұстанымын жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл қағидаттар тек спортшылар үшін ғана емес, бүкіл әлемдегі миллиондаған жанкүйер үшін де өте өзекті.
Өз кезегінде WADA президенті Витольд Банька Қазақстанның агенттік бастамаларын қолдап келе жатқанына ризашылығын білдіріп, ұлттық спорт құрылымдарымен ықпалдастық деңгейін жоғары бағалады.
Кездесу барысында тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға және Қазақстанның Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің сенімді серіктесі ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.