Төрт қазақстандық спортшы каратэден әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысады

Төрт қазақстандық спортшы каратэден әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысады

17-19 қазан аралығында Франция астанасы Парижде WKF каратэден Каирдегі әлем чемпионатына іріктеу турнирі өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Осы тұста мұндай формат алғаш рет қолға алынып, іріктеу кезең-кезең бойынша өткізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Алдыңғы жылдары әр салмақта қанша мемлекеттен спортшы келсе, шектеусіз жеребе соған қарай тартылатын. Ендігі талапқа сәйкес ерлер мен әйелдер арасында ката/кумитенің әр салмағында қатысушы саны 32-ден аспауы керек. 

Қазір ката/кумите бағдарламасында әр салмақта әлем чемпионатына баратын 24 спортшыдан анықталып қойған. Қалған каратэшілер Парижде белгілі болады. 

Әзірге біздің 7 спортшымыздың кумите бағдарламасында Каирде сынға түсетіні анық. Олар: Қайсар Алпысбай (-60 кг), Дидар Әмірәлі (-67 кг), Нұрқанат Әжіқанов (-75 кг), Диас Ұлбек (+84 кг), Әсел Қанай (-61 кг), Дайяна Даренская (-68 кг), Софья Берульцева (+68 кг). Бұл қатарда Қайсар мен Дидар алдыңғы, 2023 жылғы әлем чемпионатының жүлдегері ретінде тікелей жолдамаға иелік етті. Ал қалған отандастарымыз биыл көктемде Ташкенттегі Азия чемпионатында жүлде алу арқылы мәселені ерте шешіп қойған.

Біздің жанкүйерлер Франция астанасында Айгерім Тұрсынбекова (-50 кг), Гүлмира Үсенова (-55 кг), Никита Тарнакин (-84 кг) мен Владлена Сигаловадан (ката) жақсы жаңалық күтеді. Іріктеу жарысына барлығы 105 елдің 500-ге жуық таңдаулы өкілі тіркелді. 

Ал жылдың басты бәсекесі 26-30 қарашада Мысырдың Каир қаласында өтіп, 12 медаль (кумите 10, ката 2) жиынтығы сарапқа салынады.

Еске сала кетейік, 2 жыл бұрын Мажарстан астанасында Қазақстан каратэшілері 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальға қол жеткізіп, тарихи нәтиже көрсеткен (жалпы есепте 6-орын). Будапеште 103 мемлекеттен жиналған 1000-нан астам каратэ шебері күш сынасқан.

Қазақстандық спортшылар Черногориядағы турнирде екі медаль жеңіп алды

Қазақстандық спортшылар Азия чемпионатын 10 медальмен аяқтады

Қазақстанда таэквондодан әлем чемпионаты өтеді

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или