Түркістанда қазақ күресінен Азия чемпионаты өтеді

Алдағы 27-30 қазан күндері аралығында Түркістан төріндегі Olympic Center спорт кешенінде ересектер арасында төл спортымыз — қазақ күресінен Азия біріншілігі өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Түркі дүниесінің рухани ордасына айналған қасиетті Түркістан қаласында өтетін сарықұрлық додасында ерлер мен әйелдер өзара 16 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Бәсі биік додаға Азия құрлығынан Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Үндістан, Жапония, Иран, Моңғолия, Пәкістан қатарлы 15-ке жуық мемлекеттен 200-ге жуық балуан боз кілемде кіл мықтыны анықтамақ.
Аталған Азия аламанында ел намысын ең таңдаулы қазақ күресінің шеберлері қорғайды. Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында еліміздің туын желбіретіп жүрген 16 балуан (8-і ер, 8-і әйел) сынға түседі.
Олар:
Ерлер құрамасы:
- 55 кг — Архат Баймұрзин
- 60 кг — Нұртілек Қаракесеков
- 66 кг — Нұрғали Тұрсынғазиев
- 74 кг — Тілек Тоқтасынұлы
- 82 кг — Асылжан Кәрім
- 90 кг — Айдар Бескемпір
- 100 кг — Ерқанат Молдағұлов
- +100 кг — Қайсар Шамшадинов
Әйелдер құрамасы:
- 48 кг — Інкәр Құралбай
- 52 кг — Сағат Байғараева
- 56 кг — Ақнұр Асылбекова
- 60 кг — Ардақ Нұрсақ
- 65 кг — Ұлдана Таңжарықова
- 70 кг — Ақбота Қыдырәлі
- 77 кг — Аружан Жандарбай
- +77 кг — Арайлым Шегенова
Осы орайда, қазақ күресінің Туризм және спорт министрлігі бекіткен жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізіміне енгенін атап өткен жөн. Жаңартылған тізімге Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Азия пара ойындарының бағдарламасына енген 65 спорт түрі, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері енгізілген.
Сөйтіп, қазақ күресі — ұлттық мақтанышымыз әрі тарихи мұрамыз ретінде басым спорт түрлерінің қатарынан орын алып, олимпиадалық спорт түрлерімен терезесі теңесті.
Ақтау қаласында дзюдодан Азия ашық кубогы өтеді