Мәдениет және спорт министрлігі «Қайрат» - «Реал Мадрид» ойыны алдында жұрт неге дүрліккенін түсіндірді

Мәдениет және спорт министрлігі 2025 жылғы 30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өткен «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы Чемпиондар лигасы ойыны кезінде болған жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Министрлік өкілдері мен бейінді үкіметтік емес ұйымдар арасындағы кездесуде Қазақстандағы спорт инфрақұрылымы мәселесі көтерілді. Мысал ретінде кейбір жанкүйердің «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчына кіре алмай қалғаны айтылды.
Вице-министр Серік Жарасбаевтың сөзіне қарағанда, матч алдындағы келеңсіздіктердің өз себебі бар. Алайда бұл мәселелер алдағы уақытта толыққанды шешіледі.
Жарасбаев «Реал Мадрид» сияқты әлемдік деңгейдегі клубтың Алматыға келуі ерекше оқиға екенін айтты. Мұндай командалар миллиондаған аудитория жинайды, ал қаладағы 20 мың орындық стадион бұл көлемге сай емес.
– Халықаралық деңгейдегі матчтар өткізу үшін инфрақұрылым да соған лайық болуы керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 10 жаңа стадионның құрылысы басталды. Солардың бірі – Қызылордадағы 12 мың көрерменге арналған, УЕФА-ның 4-санатына сай арена. Ал Алматыда әкімдік 35 мың орындық жаңа стадион салуға кіріседі. «Реал Мадрид» тағы келсе, енді оларды жаңа үлкен стадионда қарсы аламыз, - деді вице-министр.
Вице-министр сондай-ақ алматылық футболшылардың нәтижесіне жоғары баға берді.
– Жалпы, біздің жігіттер жарады. Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шығудың өзі – үлкен жетістік. Бұл – мақтануға тұрарлық нәтиже, - деді ол.
Мұның алдында алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» клубтары арасындағы ойынға билет сатып алған 207 жанкүйер кіре алмай қалғанын жазғанбыз. Осы жағдайға байланысты қалалық полиция тексеруді бастады.
Еске салайық, 30 қыркүйекте Алматыда Чемпиондар лигасының екінші туры аясында «Қайрат» пен мадридтік «Реал» командалары ойнаған еді. Ойыннан кейін әлеуметтік желілерде матчтың ұйымдастырылуына қатысты пікір көбейді. Ондаған жанкүйер қолында билеті бола тұра, стадионға кіре алмағанын айтып, шағымданған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те жағдайға пікір білдірді. Оның айтуынша, «Қайрат» — «Реал Мадрид» матчының билеттерін заңсыз қайта сату фактілері бойынша барлық шағым мұқият тексеріледі және әр дерек бойынша қажетті шаралар қабылданады.
«Реал» клубы Алматыда өткен UEFA Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің екінші туры аясындағы кездесуде «Қайратты» 5:0 есебімен жеңді.
Қазақстан құрамасы Лихтенштейнді сезбей өтті. Екінші жеңіс еншімізде
«Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков қатарға қосылды
Руслан Балтиев: Андоррадан жеңілу – мұқият талдауды қажет ететін дабыл