Филиппиндік бокс аңызы Мэнни Пакьяо рингке оралатын күн жарияланды

Филиппиндік бокс аңызы Мэнни Пакьяо (62-8-3, 39 КО) рингке оралатын күн мен орнын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Пакьяоның келесі жекпе-жегі 2026 жылдың 24 қаңтарында Лас-Вегаста өтеді.
«24 қаңтарда Лас-Вегаста рингке қайта оралатынымды қуана хабарлаймын. Бұл әсерлі әрі ерекше оқиға болмақ. Жаңалықтарды қадағалаңыздар — қарсыласым туралы ақпарат жақын күндері жарияланады», — деді спортшы The Ring басылымына берген сұхбатында.
Жекпе-жек өтетін сәтте Пакьяоның жасы 47-де болады. Оның ықтимал қарсыластарының қатарында WBA тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы Роландо Ромеро бар. Ол биыл мамыр айында Райан Гарсияны жеңген болатын.
Мэнни Пакьяоның соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың 19 шілдесінде өтті. Сол кезде ол жартылай орта салмақтағы WBC чемпионы, америкалық Марио Барриоспен кездесіп, айқас тең нәтижемен аяқталған еді.
Пакьяо — Оскар Де Ла Хойямен бірге әлемнің алты салмақ дәрежесінде чемпион атанған екі боксшының бірі. Сондай-ақ, ол The Ring журналының екі салмақ бойынша чемпионы және бес түрлі салмақта бес мәрте желілік чемпион болған алғашқы боксшы. Пакьяо тарихта төрт түрлі онжылдықта — 1990, 2000, 2010 және 2020 жылдары — чемпиондық белбеуге ие болған тұңғыш спортшы саналады.
«Кімді жеңді?». Америкалық боксшы Головкинді Даңқ залына қосуға қарсы шықты
«Ауруханаға түсер едім». Голливуд жұлдызы абсолют чемпионмен рингке шығуы жайында айтты