Чемпиондар лигасы: «Қайрат» – «Реал» ойынына билеті бар 207 адам кіре алмаған

UEFA Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің екінші туры аясында алматылық «Қайрат» пен мадридтік «Реал» клубтары арасындағы ойынға билет сатып алған 200-ден астам жанкүйер стадионға кіре алмай қалған. Осы жағдайға байланысты қалалық полиция тексеруді бастады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
— Менің білуімше, қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру шараларын Алматы қалалық полиция департаменті қолға алды. Біз оларға ақпарат беріп, бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Тексерістің ресми нәтижесін полиция кейінірек хабарлайды, — деді Алматы қалалық спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, кейбір билеттер жүйе арқылы расталмаған, сондықтан олардың иесі матчқа кіре алмаған.
— Менің білуімше, «Тикетон» платформасынан 207 билет провалидациядан өтпеген, яғни стадионға кіруге жарамсыз болған. 75 билеттің иесіне ақшасы қайтарылды, қалғаны өтініш бойынша қайтарылады. Ал алыпсатарлардан сатып алынған билеттер үшін «Тикетон» жауап бермейді және ақшаны қайтармайды, - деді Дархан Нұрханұлы онлайн-брифингіде.
Еске салайық, 30 қыркүйекте Алматыда Чемпиондар лигасының екінші туры аясында «Қайрат» пен мадридтік «Реал» командалары ойнаған еді. Ойыннан кейін әлеуметтік желілерде матчтың ұйымдастырылуына қатысты пікір көбейді. Ондаған жанкүйер қолында билеті бола тұра, стадионға кіре алмағанын айтып, шағымданған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те жағдайға пікір білдірді. Оның айтуынша, «Қайрат» — «Реал Мадрид» матчының билеттерін заңсыз қайта сату фактілері бойынша барлық шағым мұқият тексеріледі және әр дерек бойынша қажетті шаралар қабылданады.
Айта кетсек, «Реал» клубы Алматыда өткен UEFA Чемпиондар лигасы жалпы кезеңінің екінші туры аясындағы кездесуде «Қайратты» 5:0 есебімен жеңді.
«Астана» легионері алғаш рет өз құрамасына шақырту алды
Екі ойында жеңілсе де, «Қайрат» УЕФА-дан қомақты сыйақы алды