«Астана» командасының велошабандозы кіші Винокуров спорттан кететінін мәлімдеді

Континенталдық «Астана» командасының велошабандозы кіші Александр Винокуров мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz XDS-Astana.com сайтына сілтеме жасап.
23 жастағы қазақстандық спортшының соңғы жарысы Малайзиядағы көпкүндік «Тур Лангкави» турнирі болды. Онда кіші Винокуров XDS Astana Team сапында өнер көрсетіп, командасына айтарлықтай үлес қосты.
Ол 2025 жылғы маусымның басым бөлігін Грециядағы дайындық кезінде алған жарақатына байланысты өткізіп алды — спортшы жамбас сүйегін сындырған еді.
«Бұл шешім мен үшін оңай болған жоқ. Соңғы айларда жарақаттан жазылып жүріп, болашағым туралы көп ойландым. Соңғы жылдары жарақаттар жиі қайталанып, бар жоспарды бұзды. Ал биыл Грецияда алған жарақатым өте ауыр болды және қалпына келу көп уақытты қажет етті. Бірақ мансабымды ауруханадан аяқтағым келмеді. Сол себепті барымды салып, қайта жаттығуға кірістім және командаларыммен бірге жарыстарға қатыстым. “Тур Лангкавиде” команда төрт кезеңде жеңіске жетіп, Николя жалпы есепте төртінші орын алып, Азияның үздік шабандозы атанды — бұл мен үшін үлкен қуаныш. Енді өмірімнің басқа қырларына көңіл бөлетін уақыт келді. Барлық қолдаған адамдарға және XDS Astana Development Team мен бүкіл “Астана” жобасына үлкен алғыс айтамын», — деді кіші Винокуров.