Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасының тізгінін ұстайтын болды

«Реалдың» бұрынғы қорғаушысы әрі Италия құрамасының ойыншысы, 2006 жылғы «Алтын доп» иегері Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасының бас бапкері қызметін атқаруға келісім берді. Бұл туралы журналист Фабрицио Романо жазды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Дереккөздің мәліметінше, ресми құжаттарға алдағы күндері қол қойылады. Каннавароның тағайындалуы 6 қазанда ресми түрде жарияланады.
Каннавароның соңғы жұмыс орны Загребтің «Динамосы» болды. Бұған дейін ол Сауд Арабиясының «Әл-Насрын», бірқатар қытайлық клубтарды, сондай-ақ Қытай құрамасын, «Беневенто» мен «Удинезені» жаттықтырған.
2025 жылдың ақпанынан бері Өзбекстан құрамасын Тимур Кападзе баптап келеді. Оның жетекшілігімен өзбек командасы алғаш рет тарихында әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.