«Қажымұқан жолы»: Қазақстан өңірлерінде турнир кезеңдері өтті

«Қажымұқан жолы»: Қазақстан өңірлерінде  турнир кезеңдері өтті

Биыл еліміздің бірқатар қалаларында аты аңызға айналған палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың құрметіне арналған республикалық «Қажымұқан жолы» турнирінің аймақтық кезеңдері өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Дәстүрлі түрде бірнеше жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл турнир Қазақстанның ең мықты атлеттерін бір алаңға жинап, ата-баба мұрасындағы күш-қуат мәдениетін сақтауға және дәріптеуге бағытталған. Аймақтық сайыстар әртүрлі форматта өткенімен, барлығында да мерекелік көңіл-күй мен жоғары деңгейдегі тартыс сақталды. 


Ұлытау, Қостанай, Абай және Қызылорда облыстарының сайыпқырандары бес сынақта бақтарын сынады: ауыр тас пен бөренені көтеру, металл шыбықтарды майыстыру, қаптарды биікке шығару және қазақтың дәстүрлі белбеу күресі – белдесу. Жезқазғанда жеңімпаз атанған – Әбдіхамитов Асқар, Қостанайда – Красновский Евгений, Семейде – Макарцов Вадим, ал Қызылордада – Маутан Жаннұр. Бұл спортшылар енді өз өңірлерін таныстырып, Астанада өтетін республикалық турнирдің финалында Қазақстанның ең күшті атлеттерімен бірге бақ сынайды.


Турнир жеті мәрте Гиннес рекордтар кітабының иегері, күштік өнер бойынша бірнеше дүркін әлем чемпионы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің амбассадоры Сергей Цырульниковтың авторлық бағдарламасы бойынша өтеді. Әрбір сынақ тек мықтыларды анықтауға ғана емес, сондай-ақ халқымыздың ежелгі күш пен батырлық дәстүрін ұлықтауға бағытталған.

Сергей Цырульниковтың айтуынша, «Қажымұқан жолы» – жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл жоба дәстүр мен заманауи құндылықтарды тоғыстырып, жас буынға ұрпақтар сабақтастығын сезінуге мүмкіндік береді әрі ұлттық күш мәдениетінің дамуына серпін береді. «Қажымұқан өз халқының күш-қайраты мен мінезінің символы болды. Біз осы жоба арқылы оның есімін есте сақтап, шынайы қуат ерік-жігер мен табандылықтан туатынын жеткізгіміз келеді», – деді ол.


Жоба бас демеуші «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Sport Qory спортты қолдау қорының қолдауымен жүзеге асырылып, турнирді ұйымдастыру мен Қазақстандағы спорт мәдениетін дамытуға жүйелі үлес қосып келеді.


Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или