Геннадий Головкин Али, Тайсон, Пакьяо, Хопкинс, Усик және Кроуфордпен бір қатарға қойлды

АҚШ-тың беделді спорт журналисі Скуп Малиновски Prosports.kz сайтына ҚР ҰОК президенті Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс Даңқ залына номинациясы туралы пікір білдірді.
«Геннадий Головкин – мен бокста көрген ең ұлы чемпиондардың бірі. Ол рингтегі қарсыластарын екінші сұраптағы етіп көрсететін мінсіз жою машинасы еді. Мен әлі де «Канеломен» өткен айқастарда ол қымбат жекпе-жектерді алу үшін «жұмсақ ойнауға» мәжбүр болды деп ойлаймын, сондықтан ол кездесулерді есептемеймін. Өкінішке қарай, «Канело», Флойд, Котто, Мартинес – барлығы Головкиннің карьерасының шыңында кездесуден қашқақтады. Сол себепті біз қазақстандықтың ең үздік өнерін көре алмадық деп санаймын.
Менің ойымша, Головкиннің Халықаралық Даңқ залына енуі ол үшін тәтті-қайғылы жаңалық болмақ. Өйткені спорт оған ең мықты, атақты қарсыластарды бере алмады — ал ол олардың бәрін талқандайтын еді. Бокс истеблишменті де қазақстандық шетелдікті «бокстың бет-бейнесі» ретінде көруді қаламады. Мен Головкинді тарихтағы ең ұлы чемпиондардың бірі санаймын, оны Усик, Дюран, Леонард, Робинсон, Пакьяо, Тайсон, Али, Леннокс Льюис, Хаглер, Кальзаге, Хопкинс және Кроуфордпен қатар қоямын», – деді сарапшы.
Айта кетейік, ҚР ҰОК басшысы әрі World Boxing ұйымының президенттігіне үміткер Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс Даңқ залына номинацияланғаны 2 қазанда белгілі болды. АҚШ, Жапония, Англия, Канада, Аргентина, Австралия, Нидерланд, Германия және Мексикадан қатысатын журналистер мен бокс тарихшыларының дауыс беру нәтижесі 1 желтоқсанда жарияланады.
«Ауруханаға түсер едім». Голливуд жұлдызы абсолют чемпионмен рингке шығуы жайында айтты