Бізге финалда кіммен ойнайтынымыз маңызды емес - Роман Асранкулов

Бізге финалда кіммен ойнайтынымыз маңызды емес - Роман Асранкулов

Қостанайлық клубтың капитаны Роман Асранқұлов KFF League сайтына берген сұхбатында «Ордабасыға» қарсы өтетін Кубок финалын неге өткізіп алатынын түсіндіріп, алайда командадағы әріптестері жанкүйерлерді қуантуға бар күшін салатынын айтты.

– Роман, Кубок финалы алдында қандай да бір ерекше сезімдер бар ма?
– Иә, бар. Бірақ олар маған сәл түсініксіздеу, өйткені жарақатыма байланысты бұл матчта командама көмектесе алмаймын. Дегенмен бар күшіммен жігіттерді қолдаймын, алаңда болмаса да, қатты уайымдап, жанкүйер боламын. Бұл сезімдердің өзіне тән әсері бар, себебі қала да, клуб та үлкен жеңістерді сағынып қалды. Соңғы жылдары үлкен жеңістер болмады. Сол эмоцияларды қайтадан сезгім келеді. 

– Сіздің ойыңызша, шешуші матчтың жаңа стадионда өтуі қаншалықты маңызды? Бұл аренада финалға дейін ресми ойын болмағанын ескерсек.
– Шынын айтсам, ойын қай қалада, қай стадионда өтетіні аса маңызды емес. Қай жерде өтсе де, біз тек жеңіске ұмтыламыз. Бірақ жаңа аренаны алғашқылардың бірі болып сынап көру – тамаша мүмкіндік. Өте әдемі стадион, «Тобыл» үшін сәтті алаң болады деп сенемін.

– Сіз Қазақстан чемпионы атанып, ел Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алдыңыз. Осылардың қайсысы кәсіби мансабыңызда ең маңызды әрі есте қаларлық болды?
– Әрине, ең маңыздылардың бірі – чемпиондық. Ол кезде жас болсам да, сондай эмоцияны бастан өткергеніме қуаныштымын. Сондықтан чемпиондық – әзірге мансабымдағы ең есте қалған сәт. Дегенмен Түркияда жеңіп алған Суперкубок та ерекше есте қалды.

– Жоғарыда аталған барлық атақты сіз «Тобылмен» бірге алдыңыз.  Өзіңізді басқа клубтың жейдесінде елестетіп көрдіңіз бе? Әлде шетелдік чемпионатта ойнауды армандайсыз ба?
– Барлық жетістіктерімді дәл осы «Тобылмен» бірге алғаныма қатты қуанамын. Бұл – мен үшін туған, сүйікті клуб. Әрине, кейде басқа командаға ауысам ба деген ойлар болған, бірақ қазір Қостанайдамын және «Тобыл» үшін ойнауға бар назарымды саламын. Әрине, шетелде бағымды сынағым келеді. Өзімді басқа чемпионатта көрсету мүмкіндігі әлі де болады деп үміттенемін.

– Қостанайда алдағы финалға дайындық рухы сезіле ме? 
– Әрине, сезіледі. Оның үстіне, «Ордабасыға» қарсы ойындар «Тобыл» үшін бұрыннан дәстүрлі әрі принципті бәсеке болып қалыптасты. Қалада бәрі титулды күтуде, жанкүйерлеріміз үлкен жеңістерді сағынды. Қызылордадан жеңіспен ораламыз деп үміттенемін. 

– Егер таңдау құқығы сізде болса, финалда қай клубпен кездескіңіз келер еді?
– Шын айтсам, мен үшін финалда қарсылас қай клуб екені мүлде маңызды емес. Ең бастысы – финалда «Тобылдың» өзі ойнаса болды!
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или