Француз теннисшісі Монфис соңғы турнирін Парижде өткізбек

Францияның танымал теннисшісі, әлемдік рейтингте 53-орында тұрған Гаэль Монфис 2026 жылы кәсіби мансабын аяқтайтынын хабарлады.
Спортшының айтуынша, ол толық бір маусымды өткізеді, ал оның соңғы жарысы Парижде өтетін беделді «Мастерс» турнирі болмақ.
Бұған дейін 39 жастағы Монфис Қытайдың Чэнду қаласында өткен ATP-250 санатындағы турнирдің алғашқы айналымында жарақат алған еді. Ол Қазақстан өкілі Александр Шевченкомен ойнап жатқанда есеп 6:7 (3:7), 6:3, 1:0 болған сәтте кездесуді жалғастыра алмады.
Мансабы барысында Монфис әлем теннисінде айтарлықтай із қалдырды. Ол «Үлкен дулыға» турнирлерінің жекелей сынында екі рет жартылай финалға шыққан, ATP турындағы 13 жарыстың жеңімпазы атанған және әлемнің экс-алтыншы ракеткасы болған. Сондай-ақ француз ұлттық құрамасымен бірге екі мәрте Дэвис кубогының финалына дейін жетті.