Дрикус дю Плесси: «Переираны қолдаймын, жекпе-жек соңына жетпейді»

UFC-дің бұрынғы орта салмақ чемпионы (84 кг дейін) Оңтүстік Африка өкілі Дрикус дю Плесси Магомед Анкалаев пен Алекс Перейра арасындағы титулды жекпе-жекке қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Чемпиондық белбеу үшін өтетін реванш жартылай ауыр салмақтағы (93 кг дейін) UFC 320 турнирінің басты айқасы болмақ. Бұл бәсеке 5 қазанда Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтеді.
«Бұл жекпе-жек соңына дейін созылады деп ойламаймын. Ақшамды Перейраға тігемін», – деді дю Плесси Championship Rounds парақшасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, қос спортшы алғаш рет 2025 жылдың 9 наурызында UFC 313 турнирінде кездескен еді. Ол кезде Анкалаев бес раундтық айқаста төрешілер шешімімен жеңіп, жартылай ауыр салмақта чемпион атанған. Ал Перейра жаңа дивизиондағы алғашқы жеңілісіне сол кезде ұшырады.