Астанадағы UEFA бұқаралық футбол апталығына 100-ден астам бала қатысты

UEFA Grassroots Week қыркүйектің соңғы аптасында UEFA-ға мүше барлық елде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚФФ-ға сілтеме жасап.
Елімізде 24 қыркүйекте басталған шара Астанада жалғасты. Оған қаладағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары қатысып, өздерін кәсіби футболшылар сынды жаттығуда сынап көрді.
ҚФФ бұқаралық футболды дамыту департаментінің директоры Никита Мозговойдың айтуынша, жоба елордада пилоттық түрде ұйымдастырылды.
«Бұқаралық футбол апталығы» UEFA және FK Sports компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды. Сондықтан биыл біз Астанада пилоттық жобаны іске асыруды жөн көрдік. Жобаға 6–8 жас аралығындағы балалар мен мектеп оқушылары қатысты. Аймақтық футбол федерациясының қолдауымен фестиваль өткіздік. Балалар өте риза. Әрине, жексенбі күні таңертең болғандықтан, сәл ұйқылы-ояу келді, бірақ қазір сергіп қалды. Олар жаттығу жасап, қыздырыну жұмыстарын орындады. Кейін өзара футбол ойнады,-деді Н.Мозговой.
UEFA grassroots week - UЕFA-ның әр балаға жасы, қабілеті, ұлты, этникалық тегі, діні, жынысына немесе басқа да жеке ерекшеліктеріне қарамастан футбол ойнауға мүмкіндік беруге бағытталған жобасы.