Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған халықаралық марафон-бәйге өз мәресіне жетті

Кең даланы дүбірге бөлеген айтулы дода мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz Қостанай облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
20 қыркүйек күні салтанатты түрде Тобыл-Торғай даласынан бастау алған, өткенге тағзым, бүгінге рух, болашаққа аманат ретінде көрнекті ағартушы, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығының құрметіне және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арнайы ұйымдастырылған Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды.
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі ұлттық ат спортының тарихы мен мәдениетін дәріптейді. Бұл тек жарыс емес, халықтың дәстүрі. Батырлық пен ерлікті насихаттайтын ерекше сынақ.
Қазақтың дархан даласын дүбірлеткен тұлпарлар бәйгесі 2022 жылдан бері өткізіліп келеді.
Биылғы марафонға барлығы 3 мемлекеттен 18 команда қатысты. Марапаттау рәсімінде Қырғызстан, Кабардин-Балқар елінен келген спортшыларға қошемет көрсетілді. Еліміздің намысын қорғау үшін Маңғыстау, Алматы, Жетісу, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау сияқты он облыстан, Астана, Алматы қалаларынан және Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Бірлік» командасы қатысты.
Елеулі сәтте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қолдау көрсеткен және ұйымдастыруға ұйтқы болып жүрген ұлт руханиятының және ұлттық спорт жанашырлары зор құрметпен сахна төріне шақырылды. Олар: Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, «Жорық» ат спорты федерациясы «Қамқоршылар кеңесінің» төрағасы Ералы Тоғжанов, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Дүйсен Қасейінов, Абай Тасболат және «Жорық» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков.
Жарыс нәтижесіне тоқталар болсақ, бірінші орынды Қырғызстан командасы жеңіп алды. Екінші орын Ақтөбе облысының еншісінде. Үшінші орынды Қостанай облысының командасы қанжығалады. Төртінші, бесінші орын алған командаларға да сый-сияпат көрсетілді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жүлдегерлерді құттықтап, келер жылы Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойының құрметіне жарысты жалғастыруды ұсынды.