Конор Макгрегор: «Ақ үйдегі жекпе-жекке 100 миллион аламын»

UFC-дің бұрынғы қос чемпионы Конор Макгрегор 2026 жылдың жазында Вашингтондағы Ақ үй аумағында өтетін жекпе-жек үшін 100 миллион доллар мен АҚШ-тың 100 «алтын картасын» алатынын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Жоспар бойынша жекпе-жек АҚШ президентінің резиденциясындағы Оңтүстік көгалда өтпек.
«Ақ үйдегі айқас үшін 100 миллион доллар және мен, отбасым мен достарыма арналған 100 «алтын карта». Әлем жанкүйерлерін тағы бір мәрте қуантуға асықпын», – деп жазды Макгрегор әлеуметтік желідегі парақшасында, деп жазады Daily Mail.
АҚШ президенті Дональд Трамп «алтын карта» бағдарламасына қол қойған болатын. Ол шетелдіктерге 1 млн доллар инвестиция арқылы жеделдетілген түрде тұрақты тұру құқығын алуға мүмкіндік береді.
37 жастағы атышулы ирландиялық файтер 2021 жылдың шілдесінен бері октагонға шыққан жоқ.