Ресми: Қызылордадағы стадион әлемдік стандарттарға сай

Қызылорда қаласының сол жағалауында бой көтерген жаңа стадион ең жоғарғы – 4-ші санатқа сәйкес сертификатталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Бұл жөнінде Қызылорда облыстық Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім етті.
Осыған сәйкес, 4 қазан күні бірегей нысанда Ордабасы мен Тобыл арасында Қазақстан Премьер-лигасының финалдық кездесуі өтеді. Бұл матч жаңа стадиондағы алғашқы әрі ірі спорттық шараның бірі болмақ. Алдағы уақытта да УЕФА-ның 4-ші санатына сәйкестендірілген жаңа стадионда ірі көлемдегі матчтар мен ауқымды спорттық шаралар өтеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетсек, жаңа стадион үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Негізгі мақсат – онда халықаралық деңгейде ойындар өткізу. Оған толықтай сай келеді. Әрбір мәселеге жіті назар аударып отырмыз. Стадионның жалпы аумағы – 24323,8 шаршы метр. Ғимараттың ішкі бөлігінде тоғыз спорт залы, түрлі үйірмелер орналасады. Ол орындар да жас өрендердің тыңғылықты дайындық жасауына мүмкіндік туғызады.
Сондай-ақ дренажды жүйе мәселесі ескеріледі. Ол жауынды күндерде судың тез сіңіп кетуіне оң әсерін тигізеді. Бұл жұмыс шетелдік жауапты мамандардың қадағалауы бойынша жүзеге асады. Жанкүйерге арналған орындардың төбесі металл шатырмен жабылады. Бұл – құрылыстың маңызды тұсының бірі. Компания мамандарының аталған істен мол тәжірибесі бар. Бұрынғы жылдары металл құрылғыларын жасаумен айналысқан. Трибунаның биіктігі мен жанкүйер орны еуропалық стандартқа сай келеді. Стадионға келген әрбір адам еш кедергісіз ойынды тамашалай алады. Бұрынғы стадиондағы секілді шатырды тіреуге арналған құбырлар орнатылмайды. Оның орнына ашық кеңістік, отыруға қолайлы орындықтар қойылады. Бұл адамға жайлы. Металл құрылғының барлығы жергілікті жерде дайындалған. Жанкүйерге қолайлы болу үшін екі табло қойылады. Сол арқылы стадионға келушілер көбірек ақпарат алады. Оған қоса әрбір орындыққа нөмір жазылады.
«Тобыл» өз алаңында «Ордабасыны» қапы қалдырды