«Қайрат» - «Реал»: Үшінші тұлғалардан алынған билеттер жарамсыз болады

«Қайрат» — «Реал Мадрид» билеттерінің ресми сатылымын жүргізген Ticketon жанкүйерлердің шағымына байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ticketon коммуникациялар директоры Азамат Атагелдінің айтуынша, олар билеттердің әділ әрі ашық сатылуын барынша қамтамасыз етуге тырысты.
— Сатылымның шарықтау сәтінде платформада бір мезетте 1 миллионнан астам қолданушы болды. Ал стадионның сыйымдылығы — небәрі 20 мың орын. Бәріне орынның жетпейтіні анық. Әділетті өткізу үшін бар күшімізді салдық. Билет сату барысында әр ЖСН-ға бір ғана билет, бір қолға екіден артық емес деген шектеу қойылды. Бұл шектеу нағыз шынайы жанкүйерді қорғау мақсатында енгізілген еді. Алыпсатарлыққа жол берілмеді, — деді ол.
Сондай-ақ ол жанкүйерлер тарапынан «кезек қатып қалды» немесе «жүйе қайта жүктелді» деген шағымдарға жауап берді.
— Сатылым сағат 17:00–де қатаң тәртіппен басталды. Жүйе қалыпты жұмыс істеді. Ал ертерек кірген қолданушылардың сессиясы автоматты түрде жаңарып отырды. Бұл ретсіз ажиотаждың алдын алу үшін енгізілген техникалық шара. Билеттердің сатылымы жөнінде ақпарат біздің және «Қайрат» ФК ресми арналарында алдын ала жарияланған, — деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ Ticketon өкілі жанкүйерлерді абай болуға, күмәнді сайттарға, «қолдан-қолға» сатылады деген ұсыныстарға сенбеуге шақырды. Айтуынша, ақшадан айырылып, стадионға кіре алмай қалу қаупі бар.
«Қайрат» - «Реал Мадрид» матчына билет сатылымы аяқталды