«Қайрат» турнир кестесінде көш басына шықты

Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің кейінге қалдырылған VIII-турының соңғы ойыны өтті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл кездесуде «Қайрат» (Алматы) пен «Жеңіс» (Астана) шеберлік байқасты.
Кездесу барысында алматылық клуб алғашқы минутта жылдам гол соғуға тырысты. Нәтижесінде Дастан Сәтпаев 12, 37-минутта мергендік танытты.
Осылайша ол биылғы біріншілікте 11 гол соғып үлгерді.
Оған 52-минутта елордалық клубтан Исламбек Қуат бір голмен жауап қайырса, 80-минутта «Қайрат» сапынан Рикардиньо басымдықты арттырды.
Осылайша алматылық клуб қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 52 ұпаймен жеке-дара көш бастады.
Аталған турдағы өзге ойындар 10 және 11 мамыр күндері өткізілді.
10 мамырда Петропавлдың «Қызылжары» Жезқазғанның «Ұлытауын» 2:1, түркістандық «Тұран» «Атырауды» 1:0 есебімен тізще бүктірсе, «Астана» қостанайлық «Тобылға» 1:3 есебімен жеңілді.
Ал 11 мамырда Шымкенттің «Ордабасы» клубы Қызылорданың «Қайсарын», «Ақтөбе» Семейдің «Елімайын» 1:0 есебімен қапы қалдырып, Талдықорғанның «Жетісуы» көкшетаулық «Оқжетпеске» 1:3 есебімен есе жіберді.