«Қайрат» Чемпиондар лигасында «Спортингке» жол берді

Алматылық «Қайрат» футболдан Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясында дебютін өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстан чемпионы лиссабондық «Спортингке» қонаққа барды. Матч алаң иелерінің толассыз шабуылдарымен басталды. Бірақ алматылық ұжымның жас қақпашысы Шерхан Қалмырза бірнеше рет сейв жасады. 21-минутта Мартен Юльманн тепкен пенальтиді кері қайтарды. Бірақ «Спортинг» тайм соңына қарай есеп ашып кетті. 44-минутта Тринкау көзге түсті.
Екінші таймда португалиялықтар тағы үш гол соқты. 65-минутта Тринкау дубль авторы атанса, екі минуттан соң Алиссон Сантос есепті еселеді. Араға тағы бір минут салып Джованни Кенда төртінші голды соқты.
Ойынның соңына қарай «Қайрат» Чемпиондар лигасы жалпы кезеңіндегі алғашқы голын салды. Эдмилсон қанжығасын майлады. Осылайша, алматылықтар Лиссабонда өткен матчта 1:4 есебімен жеңілді.
Енді «Қайрат» Чемпиондар лигасы аясындағы келесі матчын 30 қыркүйекте өз алаңында «Реал Мадридке» қарсы өткізеді.
Transfermarkt Зайнутдинов, Әліп және Самородовтың бағасын жаңартты
ФИФА рейтингі: Қазақстан төрт сатыға төмендеді
Рафаэль Уразбахтин: «Спортингке қарсы ойын – біздің дайындығымыздың көрсеткіші»