Қазақстанда халықаралық төрешілерді алмастыру бағдарламасы басталды

Алғаш рет Қазақстан Премьер-лигасында халықаралық төрешілерді алмастыру бағдарламасы іске қосылды. Қырғыз футбол одағының және Қазақстан футбол федерациясының төрешілік комитеттері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып жатыр.
Келісім аясында Қазақстан чемпионаты матчтарына шетелдік төрешілер тағайындалады. Ал отандық мамандар шетелдегі ойындарда төрелік етуге мүмкіндік алады. Бұл төрешілерге тәжірибе алмасуға, өзге төрелік мектептерінің ерекшеліктерімне танысып, халықаралық деңгей талаптарына бейімделуге жол ашады.
Бағдарлама осы демалыс күндері іс жүзінде жүзеге асады. «Астана» – «Елімай» ойынына Португалия төрешісі тағайындалса, турдың басты ойыны «Қайрат» – «Ақтөбе» матчына Қырғызстан төрешісі қазылық етеді.
Аталған бастама отандық төрелік қауымдастықты дамытуға бағытталған. Қазақстан төрешілері чемпионат ойындарынан бөлек, өзге елдерге шығып, халықаралық деңгейдегі кездесулерде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Бұл тәжірибе кәсіби шеберлікті жетілдіруге, ойындарды басқару дағдыларын арттыруға және қазақстандық төрешілерге деген сенімді нығайтуға ықпал етеді.
Осылайша, төрешілерді алмастыру тәжірибесі төрешілер корпусын дамытуға, шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты кеңейтуге және ұлттық чемпионаттағы төрешіліктің сапасын арттыруға маңызды қадам болмақ.