«Елімай» форвардына Шотландияның әйгілі клубы қызығушылық танытты

Қазақстан құрамасының ойыншысы Ғалымжан Кенжебек Шотландияның «Селтик» клубына ауысуы мүмкін, деп хабарлайды Prosports.kz.
Журналист Елдар Аманбаевтың мәліметінше, «Селтик» шабуылшыға ресми ұсыныс жасауға дайын. «Ғалымжан Кенжебек «Селтиктің» назарына ілікті. Шотландияның гегемоны «Елімайға» ұсыныс бермек», – деп жазды ол Aman VIBE телеграм-арнасында.
Бұрын «Кошице» сапында өнер көрсеткен Кенжебек 2025 жылдың шілдесінде «Елімаймен» келісімшартқа қол қойған. Бұған дейін оған Словакия, Ресей және Батыс Еуропа клубтары, соның ішінде шотландиялық «Хартс» қызығушылық танытқаны хабарланған болатын.
Айта кетейік, жуырда ғана Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтик» «Қайраттан» пенальти сериясында (0:0, 3:4) жеңіліп, турнирден шығып қалған еді. «Кельттер» – Шотландияның 55 дүркін чемпионы әрі ел кубогын 42 рет иеленген клуб.