Евгений Рымарев: «Барыстан» ұсыныс болған жоқ

Қыркүйектің 9-ында 37 жасқа толған Қазақстан құрамасының шабуылшысы Евгений Рымарев жаңа клуб таңдау себебін түсіндірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Жаңа командада бәрі жақсы. Маусымдағы міндет пе? Әрине, жеңіске жету! Неге „Ижстальға“ келдім дейсіз бе? Шарттары көңілімнен шықты. Олар өздері хабарласып, ұсыныс жасады. Ал „Барыстан“ ешқандай ұсыныс түскен жоқ», – деді тәжірибелі хоккейші Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында.
Ұлттық құрама сапында он екі әлем чемпионатына қатысқан Рымарев сегіз маусым бойы ҚХЛ-да «Барыс» жейдесін киді. Ол бұл клубта 237 ойын өткізіп, 23 шайба соғып, 30 нәтижелі пас берген. Гагарин кубогында да бес матчта мұзға шыққан.
Өткен жазда ол «Юнисон-Мәскеуден» «Ижстальға» ауысқан еді. ВХЛ-дың жаңа маусымында Рымарев екі кездесуде бір нәтижелі пас беріп үлгерді.