Азиада-2026 ұйымдастыру комитеті Қазақстан ҰОК мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдерімен кездесті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінде Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарын (AINAGOC) ұйымдастыру комитеті, Қазақстан ҰОК басшылығы және ҚР Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Ұйымдастыру комитеті тарапынан Бас директордың міндетін атқарушы Ясухиро Накамори, PR және маркетинг жөніндегі бас менеджер Рейджи Ямамура және халықаралық қатынастар менеджері Майко Окада келді.
Қазақстан атынан ҰОК Бас директоры Нұрлан Нөгербек, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев және Қазақстан ҰОК Халықаралық қатынастар департаментінің директоры Анара Сыздықова қатысты.
Кездесу Астанада өтіп жатқан Азия Олимпиадалық кеңесінің VI Құрлықтық спортшылар форумының аясында ұйымдастырылды. Тараптар алдағы ойындарға дайындық барысын талқылады. Нақты айтқанда, спорттық нысандардың әзірлігі, спорт түрлері мен қатысушылар бойынша өтінім беру рәсімдері, сондай-ақ көлік-логистикалық мәселелері қаралды.
Сондай-ақ әңгіме барысында Жапонияның спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыра білуі ерекше атап өтілді. Бұл тұрғыда Азия ойындары мен 2020 жылғы Токио Олимпиадасы мысалға алынды.
Қазақстандық тарап Азия ойындарын насихаттау бағдарламасы аясында ұйымдастыру комитетінің жасаған сапарына алғыс білдірді. Бұл бағдарламадағы маңызды шаралардың бірі - символдық Fun Run жүгіру эстафетасы. Бұл шара 2025 жылы 3 қыркүйекте Астананың Орталық саябағында өтеді.
Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындығы туралы айтты. Ол Қазақстанда спортшыларды даярлаудың жаңа тәсілі енгізіліп жатқанын, оның ішінде басым спорт түрлеріне баса назар аударылатынын атап өтті. Бұл жалпы медальдық есептегі нәтижелерді жақсартуға ықпал етуі тиіс.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Жапония спортшыларының бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу мүмкіндігін де қарастырды. Сондай-ақ ұйымдастыру комитетінің өкілдері 2025 жылы 23 қыркүйекте өтетін NOC Chef de Mission семинары туралы хабарлады. Бұл шара Азия ойындарының басталуына тура бір жыл қалғанда ұйымдастырылады. Қазақстандық делегацияның бұл семинарға қатысуы жоспарланып отыр.
"Біз үшін Азия ойындарын ұйымдастыру комитетімен тығыз байланыс орнату маңызды. Бұл біздің делегация үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жапонияның ірі спорттық шараларды ұйымдастырудағы тәжірибесі Қазақстан үшін құнды бағыт-бағдар болатынына сенімдіміз. Осындай ынтымақтастық 2026 жылы біздің құрамаға табысты өнер көрсетуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті Қазақстан ҰОК өкілдері.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Жапония спортшыларына алдағы ойындарда сәттілік тіледі.