Астанада АОК құрлықтық спортшылар форумы басталды

2 қыркүйекте Астанада Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) ұйымдастырған VI Құрлықтық спортшылар форумы басталды. Бұл жиын Olympic Solidarity бағдарламасы аясында өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҰОК-қа сілтеме жасап.
Ауқымды шараға Азияның 45 Ұлттық Олимпиадалық комитетінің өкілдері, Халықаралық Олимпиадалық комитеттің мүшелері және АОК басшылары қатарынан 120-дан астам делегат қатысуда.
Форумның спикерлері арасында ХОК-нің Olympic Solidarity бағдарламасы директорының орынбасары Оливье Ньямки, ХОК-нің Olympic Solidarity құрлықтық менеджері Эдвард Кенсингтон, ХОК Спортшылар комиссиясының төрайымы Эмма Терхо, ХОК Спортшылар комиссиясын қолдау жөніндегі менеджері Артур Милрой, ХОК Спортшылар комиссиясының мүшесі Масома Али Зада, ХОК мүшесі Чжан Хун, АОК Спортшылар комиссиясының төрағасы Нин Дин, АОК Спортшылар комиссиясының тең төрағасы Шива Кешаван, комиссия мүшелері Шайна Энг пен Тай Терри, АОК Спортшылармен жұмыс департаментінің менеджері Джамьянг Намгьял, Қазақстан ҰОК Спортшылар комиссиясының төрайымы әрі АОК Атқару комитетінің мүшесі Ольга Рыпакова, фристайл-акробатикадан үш дүркін Олимпиада қатысушысы Жанбота Алдабергенова және Қазақстан ҰОК Спорт департаментінің жетекші менеджері Айым Жетібаева бар.
Форумның алғашқы күніндегі негізгі тақырыптардың бірі - Эдвард Кенсингтон мен Оливье Ньямки ұсынған спортшыларға арналған Olympic Solidarity шәкіртақылық бағдарламаларының таныстырылымы. Сондай-ақ Эмма Терхо, Чжан Хун және Масома Али Зада Спортшылар комиссиясының қызметіндегі өзекті өзгерістер туралы баяндама жасайды.
Жалпы бағдарламада пікірталас алаңдары, тақырыптық топтағы жұмыс, семинарлар және спикерлермен ашық сұхбаттар жоспарланған. Бұдан бөлек, форум аясында Астананың Орталық саябағында Аичи-Нагоя 2026 Азия ойындарын қолдауға арналған символикалық Fun Run жүгіру шарасы өтеді.