Кормье алдағы жекпе-жек көптің күткенінен тартысты өтеді деп санайды

UFC-дің бұрынғы чемпионы әрі қазіргі сарапшысы Даниэль Кормье жартылай орта салмақта өтетін Ислам Махачев пен Джек Делла Маддалена арасындағы титулды айқас жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz. Жекпе-жек 16 қараша күні Нью-Йоркте өтетін UFC 322 турнирінде жоспарланған.
Кормьенің айтуынша, ол австралиялық спортшының Белал Мұхаммедке қарсы кездесуін мұқият бақылаған және Маддаленаның сол жекпе-жекте тактиканы шебер іске асырғанына тәнті болған. Сондықтан алдағы айқас көпшіліктің ойлағанынан да бәсекелі өтуі ықтимал.
«Белалмен болған шайқастан кейін Джектің шынымен таңқалдыра алатынын түсіндім. Көрермендердің бір бөлігі оның жеңісіне сенеді деп ойлаймын. Өйткені Ислам жаңа дивизионға көтеріліп жатыр, онда жақында ғана тамаша форма көрсеткен чемпионмен кездеседі», – деді Кормье өз YouTube-шоуында.
Айта кетейік, Ислам Махачев ММА-де 28 кездесу өткізіп, оның 27-сінде жеңіске жеткен. Ал Джек Делла Маддаленаның еншісінде 20 жекпе-жектің 18 жеңісі бар.