Алматыда үстел теннисінен халықаралық WTT Contender Almaty турнирі өтеді

2-7 қыркүйек аралығында Алматыда үстел теннисінен халықаралық WTT Contender Almaty турнирі өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы жарысқа 21 елден 143 спортшы қатысады. Олардың қатарында Аустралия, Вьетнам, Германия, Үндістан, Иран, Испания, Қытай, Оңтүстік Корея, Люксембург, Малайзия, Мексика, Румыния, Сауд Арабиясы, Сербия, Сингапур, Словакия, Словения, Өзбекстан, Франция, Жапония және Қазақстан бар.
Алматыда үстел теннисінің әлемдік жұлдыздары өнер көрсетеді. Олардың ішінде Еуропаның үш дүркін чемпионы Дарко Йоргич (Словения), жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сора Матсушима (Жапония), Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Шань Сяона (Германия) және әлем чемпионатының қола жүлдегері Хоноку Хашимото (Жапония) бар.
Жарыста ерлер мен әйелдер арасында жекелей, жұптық және аралас санаттар бойынша медальдар сарапқа салынады.
Халықаралық турнир ADD Ustel Tennis Ortalygy орталығында өтеді.