Артту Хейккинен қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін айыппұл төледі

Финляндиялық биатлоншы Артту Хейккинен аң аулау кезінде өз кіндік әкесін байқамай жаралап алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Кайнуу аймақтық соты спортшыны ауыр дене жарақатын келтіру және аңшылық ережесін бұзу бабымен кінәлі деп танып, €420 көлемінде айыппұл салды. Бұған қоса, ол жәбірленушіге €2800 өтемақы төлеуге және барлық сот шығынын өтеуге міндеттелді.
Оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде болған. Спортшы әкесі және кіндік әкесімен бірге орманға аң аулауға шыққан. Құсты көздеп атпақ болған Хейккинен қателесіп, атқан оғы кіндік әкесіне тиіп кеткен. Дробь дененің жоғарғы бөлігіне, басы мен қолына тиген, нәтижесінде ол бір көзінен айырылды.
Тергеу барысында биатлоншы өзінің немқұрайлығы үшін жауап берді. Оның айтуынша, ол кіндік әкесінің артында тұрғанына сенімді болған. Олардың арасында елу метрден аса қашықтық және ағаштар болғандықтан, адамға тиіп кетемін деп ойламағанын жеткізді.
Миландағы әлем чемпионатында қазақстандықтар жартылай финалға шықты
Қазақстандық суда жүзуші әлем чемпионатының финалына жолдама алды