Конституция күніне орай Астанада велошеру өтеді

30 тамыз күні елордада Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жаппай велошеру ұйымдастырылады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Велошерудің жалпы бағыты – 25 шақырым. Қатысушылар Қосшы бағыты бойындағы айналма веложолдан бастау алып, Үркер (Ильинка) тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетеді.
Қатысушыларды тіркеу шара өтетін күні, яғни 30 тамызда сағат 07:30-дан 09:00-ге дейін жүргізіледі. Басталуы – сағат 09:00.
Қалалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай велошеру тек спорттық жарыс қана емес, астаналықтар үшін нағыз мереке екенін атап өтті:
«Велошеруге кез келген қала тұрғыны қатыса алады, ол үшін ешқандай төлем талап етілмейді. Жалғыз шарт – өз велосипедің болуы. Бұл шара қала тұрғындарын, спорт пен белсенді демалысты сүйетіндерді біріктіреді», – деді ол.
Шара соңында ұйымдастырушылар тіркеуден өткен қатысушылар арасында лотерея өткізіп, бағалы сыйлықтар ойнататынын хабарлады.
Қазақстанда спорттық құзға өрмелеуден Азия кубогы өтеді