«Сантос» клубы Неймардың жаңа жарақат алғанын хабарлады, деп хабарлайды Prosports.kz. Осы себепті шабуылшы қыркүйекте Бразилия құрамасының ойындарын өткізіп алуы ықтимал.
Бейсенбі күні жаттығу барысында ол өзін жайсыз сезініп, кейін тек жеке дайындықпен шектелді. Клуб ойыншының жағдайы жайлы ұлттық құраманы құлақтандырды. Дегенмен, қосымша тексеріс құрамаға келгенде ғана жасалуы мүмкін, бірақ оның ықтималдығы аз.
Бразилияның бас бапкері Карло Анчелотти алдағы күндері 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеуіндегі Чилимен (5 қыркүйек) және Боливиямен (10 қыркүйек) өтетін кездесулерге шақыртылған ойыншылар тізімін жариялайды. Айта кетейік, Неймар өткен жылдың қазанынан бері ұлттық құрама сапында алаңға шықпаған.