«Селтик» састы, «Қайрат» таңғалдырды: шетелдік басылымдар пікірі
Глазгодағы «Селтик Паркте» өткен кездесу қазақстандық жанкүйерлердің есінде ұзақ сақталары анық. «Қайраттың» Шотландиядан нөлдік тең есеп әкелуі – нағыз тарих. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуға бір-ақ қадам қалды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Дегенмен Алматыдағы қарымта ойын оңай болмайтынын британдық басылымдар да жазуда. BBC: «Чемпиондар лигасына деген «Селтиктің» үміті қауіпке түсті. Глазгода батыл қимылдаған қазақстандық «Қайратпен» тең ойнаған соң, командаға 40 миллион фунтқа бағаланған жолдама үшін Алматыға баруға тура келеді. Бұл қала Қытай шекарасына жақын, 3 500 мильден астам қашықтықта, бірнеше уақыт белдеуінде орналасқан».

The Scottish Sun тақырыпты тіпті «Қайдың қаупі. «Селтик» 0 – «Қайрат» 0» деп атады. Басылым «Қайратты» кельт мифологиясындағы король Артурдың бауыры, бірақ көбіне келемеж кейіпкер ретінде сипатталатын сэр Каймен салыстырды. «Брендан Роджерстің командасын алда Қазақстанға 11 сағаттық ауыр сапар күтіп тұр. Бірақ олардың бірінші ойындағы әрекеті әуежайға жетпей-ақ уақыт айырмасынан қиналып тұрғандай әсер қалдырды. Бұл – жанкүйер күткен қарқын да, нәтиже де емес. Сондай-ақ клуб басшылығы да көңілсіз, өйткені Чемпиондар лигасына қайта оралғаны үшін 40 миллион фунт алуды жоспарлап отыр», – деп жазады газет.

The Guardian да «Селтикке Чемпиондар лигасына өту үшін әлі көп жұмыс істеу қажет» деп түйіндеді. «Роджерс бапкер ретінде 800-інші ойынын өткізді. Бірақ алаң иелері үйреншікті шабуыл қарқынын көрсетпеді. Ал тәжірибелі қазақстандық команда толықтай лайықты қарсылас болды», – деп мойындады басылым.

Sky Sports: ««Селтик» өз алаңында «Қайратпен» тең ойнап, қазақстандықтарға басымдық берді. Клуб енді келесі сейсенбі күні Қазақстанға 7 мың мильдік сапар шегіп, шешуші ойынды өткізеді» деп күйзеле жазды.

Yahoo Sports болса статистикаға тоқталды: «Допты иеленуде «Селтик» 74,5% көрсеткішке ие болды, бірақ «Қайраттың» мығым қорғанысын бұза алмады. Екі команданың да мүмкіндігі болғанымен, ешкім есеп аша алмады. Жарақаттар да әсер етті: «Селтиктен» Алистер Джонстон, «Қайраттан» Александр Заруцкий алаңнан кетті. Бұл нәтиже қарымта ойында бәрін шешеді».
Осылайша, британдық басылымдардың жазғаны бір жерден шығады: «Қайрат» Глазгода сенсация жасады, ал Алматыдағы кездесу екі клуб үшін де шешуші сынақ болмақ.
Фото: Alamy
Алматылық «Қайрат» қонақта шотландиялық «Селтикпен» тең тарқасты
Дастан Сәтпаев «Селтикке» қарсы ойынға қатыспайды
Қазақстан Кубогының шешуші ойыны 4 қазанда Қызылордада өтпек