Миланда байдарка мен каноеде есуден әлем чемпионаты өтеді

Миланда байдарка мен каноеде есуден әлем чемпионаты өтеді

20 тамызда Италияның Милан қаласында байдарка мен каноеде есуден әлем чемпионаты басталды. Қазақстан құрамасы жылдың басты додасына толық дайындықпен келіп отыр және жүлде үшін күресуге ниетті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Olympic.kz тілшісіне сілтеме жасап.

Ұлттық құрама бұл әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалды. Осы мақсатта бірнеше Әлем кубогы кезеңіне қатысудан бас тартып, осы жарысқа зейін қойды. Сонымен қатар мамыр айында Қазақстан Қытайда өткен құрлықтық біріншілікте өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Командалық есепте екінші орын иеленді (бірінші орында Қытай, үшінші орында Иран).

Ольга Шмелева мен Ирина Подойникова (байдарка-екілік, 500 метр), Ольга Шмелева мен Артем Терещенко (байдарка-екілік (аралас), 500 метр), Сергей Емельянов пен Руфина Искакова (каное-екілік (аралас), 500 метр), Қазақстан әйелдер командасы (байдарка-төрттік, 500 метр) бірінші орын алған еді.

Екінші орын алғандардың қатарында: Бекарыс Раматулла (байдарка-жалғыз, 500 метр), Виктор Степанов (каноэ-жалғыз, 200 метр), Стелла Суханова (байдарка-жалғыз, 1000 метр), Сергей Емельянов пен Полат Төребеков (каное-екілік, 500 метр).

Қола жүлдегерлер: Ольга Шмелева (байдарка-жалғыз, 200 метр), Мария Бровкова (каное-жалғыз, 500 метр), Қазақстан құрамасы (байдарка-төрттік (аралас), 500 метр), Қазақстан құрамасы (каное-төрттік (аралас), 500 метр).

Енді кезек әлем чемпионатына келді. Мақсат - финалға өтіп, медаль жеңіп алу.

"Дайындық сәтті өтті. Болгарияда оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырдық. Жастар арасындағы әлем чемпионатынан кейін біздің ескек есушілер сонда қалып, кейін ересектер құрамасы қосылды.

Құрам жайында айтар болсақ, негізінен тәжірибесі мол, талай жарыста көзге түскен спортшылар бар. Тек жас спортшы Дмитрий Холмогоровты ерекше атап өткім келеді. Ол жақында ғана жастар қатарынан ересектерге өтті. Басты мақсатымыз – алдымен финалға жолдама алу. Содан кейін қарсыластарға лайықты қарсылық көрсету. Біз медальсіз қайтпаймыз деп уәде бергенбіз", - деді бас бапкер Қайсар Нұрмағанбетов.

Әлем чемпионатына қатысатын құрам:

- Дмитрий Холмогоров - байдарка-жалғыз (200 м), байдарка-екілік (500 м)

- Кирилл Тубаев - байдарка-жалғыз (1000, 5000 м), байдарка-екілік (500 м)

- Стелла Суханова - байдарка-жалғыз (200, 500, 1000 м)

- Татьяна Токарницкая - байдарка-жалғыз (5000 м)

- Сергей Емельянов - каное-жалғыз (200 м)

- Полат Төребеков - каное-жалғыз (5000 м)

- Руфина Ысқақова - каноэ-жалғыз (200 және 500 м)

- Әнуар Алмағамбетов, Полат Төребеков, Виктор Степанов, Тимофей Емельянов - каное-төрттік (500 м).

Қазақстан тарихында ескек есушілер әлем чемпионатында үш қола медаль жеңіп алған. Алғашқы болып бұл жетістікке Жомарт Сатыбалдин жетті. Ол 2005 жылы каноеде (200 метр) үшінші орын алды. Виктор Степанов дәл осы нәтижені 2022 жылы қайталады. Ал 2024 жылы Мария Бровкова каное-жалғыз дисциплинасында (500 метр, олимпиадалық емес қашықтық) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Енді спортшыларымыз жүлде қоржынын толықтыруға күш салады. Бірақ бұл оңай болмайды. Барлық қарсылас мықты, тәжірибелі әрі қарымды. Әдеттегідей, бұл спортта еуропалық ескек есушілердің қарқыны жоғары. Соңғы жылдары Азия елдері де жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Бұған қоса, Аустралия мен Жаңа Зеландия да өте мықты командалар - оны соңғы Олимпиадада дәлелдеді.  Демек, жүлде үшін күрес өте тартысты болмақ.

"Әлемдік көшбасшылар әлі де сол қалпында. Бірақ соңғы жылдары Азия айтарлықтай алға озды. Қытай тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Иран да қарқынын дәлелдеуде. Сонымен қатар Корея, Өзбекстан және Жапония да мықтылардың қатарына қосылды. Жалпы, құрлықтағы бәсеке күшейді. Біз де жақсы көрсеткіштерден қалыс қалып жатқан жоқпыз.

Қазір әлем чемпионаты өтіп жатыр, алдын ала кезеңнің жарыстары басталып кетті. Жағдайға қарай әрекет етеміз", – деді бас бапкер.


Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или