Геннадий Головкин Халықаралық каное федерациясының президентімен кездесті

Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин мен бас хатшы Әлімжан Ақаев Халықаралық каное федерациясының (ICF) президенті Томас Конецко және ICF Атқарушы комитетінің мүшесі, пара-каное комиссиясының төрағасы Джон Эдвардспен кездесті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөз барысында тараптар байдарка мен каноеде есу, слалом және пара-каное бағыттарындағы ынтымақтастықты дамыту, спортшылар мен жаттықтырушыларды дайындау тәжірибесімен алмасу, сондай-ақ ұлттық және халықаралық жарыстар өткізуге арналған инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, Түркістан қаласында байдарка мен каноеде есу жарыстарына арналған халықаралық деңгейдегі арна құрылысы аяқталуға жақын. Қала орталығында орналасқан нысан әлемдік стандарттарға сай болады және су тазарту жүйесімен жабдықталады.
Кездесуде Қазақстанның байдарка мен каноеде есу спортында халықаралық аренадағы белсенділігінің артып келе жатқаны да аталды. Биыл маусым айында Қазақстан ҰОК Олимпиадалық ынтымақтастық аясында Continental Athlete Support Grant бағдарламасына қатысу үшін өтінім берді. Бағдарлама бір олимпиадалық цикл ішінде төрт спорт түрін қолдауды қарастырады.
Осы бағдарлама аясында 2027 жылға Қазақстан құрамасын қаржыландыру бастамасы көтерілді. Халықаралық Олимпиадалық комитеті 25 мың АҚШ доллары көлемінде бюджет бекітті. Бұл қаржы құраманың халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысуын қамтамасыз етуге жұмсалады. Оның ішінде тұру, жол шығындары, тамақтану, сақтандыру, виза алымдары және қайық жалдау төлемдері бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президентін қабылдады
Астанада АПК Конференциясы мен Бас ассамблеясы салтанатты түрде ашылды
Астанадағы марафонға 5 мыңға жуық адам қатысты