Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин қатысты.
Мемлекет басшысы Чунгвон Чоудың сапары Қазақстанның спорт қауымдастығы үшін маңызды оқиға саналатынын атап өтті. Сондай-ақ бұл Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының елімізде аталған спорт түрінің дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіреді.
Президенттің айтуынша, таеквондо – тек олимпиадалық спорт түрі ғана емес, сонымен бірге үйлесім, тәртіп пен өзара құрмет қағидаттарына негізделген, әлем бойынша миллиондаған адамды біріктіретін философия.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елордада G1 санатындағы Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтинг турнирін өткізу отандық спортшылардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына, тәжірибе алмасуына әрі Ұлттық федерацияның бәсекеге қабілеттілігін көтеруге кеңінен жол ашады.
Ол бірлескен күш-жігердің нәтижесінде таеквондоны елімізде кеңінен танымал етуге және халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Чунгвон Чо қонақжайлық танытып, таеквондоны Қазақстанда дамытуға үнемі қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Ол алдағы турнирдің ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, елімізде бұл спортқа қызығушылықтың артып келе жатқанын және қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктерін ерекше атап өтті.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті әлемде таеквондоның дамуына елеулі үлес қосқаны үшін Чунгвон Чоуды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының президенті Мемлекет басшысына ерекше құрметтің белгісі ретінде тоғызыншы дан қара белбеуін табыс етті.
Қазақстандық спортшы XII Дүниежүзілік ойындарында қола жүлдегер атанды