Хоккейден ел біріншілігіне 10 команда қатысады

Қазақстан хоккей федерациясы 2025/2026 жылғы ел чемпионатының өткізілу тәртібін таныстырды, деп хабарлайды Prosports.kz. Жаңа маусымда жарысқа 10 команда қатысады: «Ақтөбе», «Алматы», «Арлан», «Бейбарыс», «Горняк», «Ертіс», «Құлагер», «Номад», «Сарыарқа» және «Торпедо».
Чемпионат үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең — классикалық айналмалы жүйе бойынша өтеді. Әр команда бір-бірімен төрт рет кездеседі: екі ойын — өз алаңында, екеуі — сырт алаңда. Осылайша, әр клуб 54 матч өткізеді. Маусым 7 қыркүйекте басталады: Көкшетауда «Арлан» мен «Торпедо», Петропавлда «Құлагер» мен «Ертіс» кездеседі. 8 қыркүйекте «Сарыарқа» – «Номад», «Алматы» – «Горняк» ойындары өтеді. «Ақтөбе» мен «Бейбарыс» маусымға 12 қыркүйекте қосылады. Бірінші кезең 23 желтоқсанда аяқталады.
Екінші кезеңнің форматы алғашқы кезең нәтижесіне және логистикаға байланысты анықталады. Үздік бес команда көбірек ойын өткізу мүмкіндігіне ие болады, яғни үйдегі матчтар саны артады.
Үшінші кезең — плей-офф. Бұл кезеңге 8 үздік команда жолдама алады. Барлық сериялар 4 жеңіске дейін созылады. Кубоктық дода 14 ақпанда басталып, қажет болған жағдайда финалдың жетінші ойыны 17 сәуірде өтеді. Сонымен қатар, үшінші орын үшін серия да күнтізбеге қайта енгізілді — ол 29 наурыз бен 9 сәуір аралығында 3 жеңіске дейін ойналады.