Қазақстан футбол федерациясы FIFA-ға жас футболшыларды дамыту стратегиясын таныстырды

Алматы қаласында Қазақстан футбол федерациясы мен FIFA ұйымының таланттарды анықтау жөніндегі сарапшысы Стивен Морроудың қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Бұл сапар FIFA-ның Talent Development Scheme (TDS) атты жаһандық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Аталған бағдарлама әр елде болашағы зор футболшыларды анықтап, оларды жүйелі түрде дамытуға бағытталған ұлттық құрылымды қалыптастыруды көздейді, деп хабарлайды Prosports.kz сайты ҚФФ-ға сілтеме жасап.
Сапар барысында Стивен Морроу ҚФФ құрылымында жуырда құрылған таланттарды анықтау бөлімімен танысты. Федерация өкілдері жаңа бағыттың тұжырымдамасын, құрылымын және негізгі міндеттерін таныстырып, жас футболшыларды бақылап, қолдауға арналған цифрлық порталдың жұмысын көрсетті. Сондай-ақ қонаққа Қазақстандағы футбол экожүйесінің қазіргі ахуалы – балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстар жүйесі, өңірлік академиялар, бапкерлерді даярлау ісі мен ұлттық құрамалардың әлеуеті жөнінде жан-жақты мәлімет берілді.
Іссапардың тәжірибелік бөлімінде Стивен Морроу Талғардағы оқу-жаттығу базасына барып, 2011 жылы туған футболшыларды ҚФФ Академиясына іріктеу процесін бақылап көрді. Сонымен қатар, 2012 және 2013 жылы туған жасөспірім командалар арасындағы матчты тамашалап, кішкентай футболшылардың техникалық және тактикалық дайындығын бағалады.
Кездесуге ҚФФ техникалық директоры Геннадий Скуртул, ұлттық құрамалар департаментінің директоры Руслан Балтиев, селекциялық бөлімнің өкілдері Евгений Свечников пен Виктор Семенов, QJ League спорттық-сараптамалық блогының сарапшылары Игорь Шпанера мен Дмитрий Васильев, сондай-ақ ҚФФ Ұлттық академиясының FIFA таланттарды дамыту бапкері Виталий Астафьев қатысты.
Стивен Морроудың бұл сапары Қазақстанда футбол таланттарын анықтау мен олардың дамуына көмектесу механизмдерін дамытуға арналған жүйелі жұмыстың басталғанын білдіреді. Келесі кезеңде скаутинг және жастармен жұмыс істейтін мамандар үшін оқыту семинарлары мен практикалық сабақтар ұйымдастырылмақ. Бұл бастамалар ҚФФ-ның стратегиялық бағыттарының бір бөлігі ретінде қарастырылып, ұлттық құрамалардың кадрлық резервін күшейтуге және селекциялық жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталады.
Стивен Морроу – FIFA-ның жас ойыншыларды дамыту және іріктеу стратегиясы бойынша халықаралық сарапшысы. Белфаст қаласының тумасы кәсіби футболшы ретінде «Арсенал», «Куинз Парк Рейнджерс», «Даллас Бёрн» клубтарында және Солтүстік Ирландия құрамасында 39 матч өткізген.
Футболшы мансабын аяқтаған соң бапкерлікке бет бұрып, артынша басқарушылық қызметте болды. Алдымен MLS лигасындағы Dallas клубын жаттықтырды. Кейін 11 жыл бойы Лондонның «Арсенал» академиясында басшылық қызмет атқарып, халықаралық әріптестік пен жастарды дамыту бағытында жұмыс істеді. Оның жетекшілігімен Букайо Сака сынды жұлдыздар шыққан.
2021 жылдан бастап Англия футбол қауымдастығында (The FA) Head of Player Selection and Talent Strategy қызметін атқарды. Бұл қызметте клубтар мен ұлттық құрамалар арасында ойыншыларды іріктеу мәселелері бойынша өзара байланысты жүйелеуге атсалысты.
Қазіргі уақытта Стивен Морроу FIFA-ның Talent Development Scheme бағдарламасы аясында әлем елдеріндегі ұлттық қауымдастықтармен жұмыс істейді. Оның ішінде Қазақстанмен де тығыз ынтымақтастық орнатылған.